"Жайылым жерді киік атып құтқару мүмкін емес". Үкімет шешімі асығыс қабылданды ма?

Батыс Қазақстан облысы шаруалары жайылым мен егістік жерді киік таптап жатыр деп шағынады. Бірақ ғалымдар жердің тозып, шөлейттеніп бара жатқанына түз жануары кінәлі емес, мәселеге ғылыми тұрғыдан қарап, шешім қабылдау керек дейді.

Қазақстанда киік көбейе бастады. Бұған экологтардың шаралары мен киікті атуға салынған тыйым әсер етті. Биыл киік саны миллионға жетті деген дерек бар, бірақ бұған жұрттың бәрі бірдей қуанып отырған жоқ. Батыс Қазақстан облысы фермерлері киік егістік, жайылым мен шабындық жерді таптап жатыр деп мәлімдеп, шара қабылдауды талап етті. Үкімет бұған дейін мемлекеттің ерекше қорғауында болып келген бөкендерді атуға рұқсат бермек. Жануарлар құқығын қорғаушылар бұған қарсы шығып, мұндай жағдайда киікке құрып кету қаупі төнуі мүмкін дейді.

ФЕРМЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Батыс Қазақстан облысы фермерлері егістік жерді киік таптап жатқанын былтыр айта бастаған еді. Ал биыл жағдай ушығып кетті дейді жер иеленушілер.

– Былтыр бірінші рет [егін] ектім, мұндай болмады. Болса да, қуып жіберетінбіз. Көп жүрмейтін. Биыл [киік саны] артып кетті. Алқабымның жартысын таптап тастады, – дейді Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шектесетін Жәнібек ауданында тұратын фермер Бауыржан Сабанов.

Киіктің көбейгені бірден байқалды: облыстағы бірнеше ауданда егістікті, шабындық пен жайылым жерді киік таптап жатыр дейді фермерлер.

– Жәнібек ауданы Тынысты ауылында 200 гектар судандық ектім. Жартысын жайпап кетті. Қазір онда төрт-бес мың [киік] жүр. Таптап жатыр. Төрт-бес мың [киіктің] алқапта жүргенін елестетіп көріңізші. Несі қалады? Тиісінше, [киік] өсімдіктерді құртып, жояды, – деді Сабанов.

Шағымның көбі Жәнібек, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарынан түсіп жатыр. Бірақ қазір Бәйтерек ауданына да киік жеткені жайлы хабарлама бар дейді Бауыржан Сабанов. Бұл – облыс орталығына ең жақын тұрған ауылды жер.

Батыс Қазақстан фермерлері үкіметтің "киікпен күресіп", шығынның орнын толтыруға көмектесуін сұрады. Сабановтың сөзінше, маусымның басында олар премьер-министрмен кездесіп, осы мәселені жеткізген. Экология министрлігі жанынан комиссия да құрылған.

– Мені экология министрлігі жанынан құрылған киік популяциясы мәселелерін қарастыратын республикалық жұмыс тобына қосты. Осылай аталатын сияқты. Олар биологиялық зерттеу жүргізіп жатқандықтан, отырыс әзірге болған жоқ. Айдың аяғына дейін бәрін зерттеуі керек, сосын отырыс болады. Заң бойынша қазір атуға болмайды. Бірақ премьер-министр 15 шілдеге дейін шешім қабылдайтынын және күзге қарай атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін айтты, – деді Бауыржан Сабанов.

2021 жылы үкімет кейінгі екі жылда әуеден жүргізілген зерттеуге сүйеніп, елде киік саны 334 мыңнан 842 мыңға дейін өскенін хабарлады. Бұл зерттеу 2015 жылы жаппай қырылған түз жануарының қайта көбейе бастағанын көрсетті.

"КОМИССИЯ КЕТІП ҚАЛҒАН"

Бауыржан Сабанов айтқан комиссия расымен құрылған. Тіпті, зерттеу жүргізу үшін Батыс Қазақстан облысына да кеткен. Жұмыс сапары ресми түрде "баспасөз туры" деп аталады және атауына қарағанда оған баспасөз құралдары да қатысатынға ұқсайды. Бірақ БАҚ өкілдері зерттеу орындарына жете алмаған. Тіпті, жергілікті журналистерге сапар жайлы ешкім айтпаған.

– Журналист ретінде де, экобелсенді ретінде де киік мәселесін көтеріп жүргеніме біршама жыл болды. Төлдеу кезеңіне, әртүрлі экспедицияға шығатынбыз. Оның ішінде халықаралық [экспедиция] да бар. Бұл сапарға сол күйі қосыла алмадым. Біріншіден, бұл жайлы ешкімге ескертпеді. Екіншіден, іс-шара жайлы естігенімде, оған Алматы мен астанадан келген журналистер мен блогерлер баратынын, ал жергілікті БАҚ өкілдерін қоспағанын білдім. Олардың арасында тақырыпты білетіндер, расымен маңызды және қажет сұрақтарды қоя алатындар аз шығар, – дейді журналист Злата Удовиченко.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі тізімді басшылық жасағанын хабарлады. Бірақ олардың қандай қағидаға сүйенгенін айтпады. Комиссия келген соң сапар қорытындысын баспасөз құралдарына ұсынатын-ұсынбайтыны да белгісіз. "Комиссия кетіп қалған" деп хабарлады комитеттегілер.

ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ МА?

Батыс Қазақстан облысы шаруалары киік қаптап кетті деп шағым айта бастаған соң "Ашық үкімет" сайтында заңға түзету енгізу туралы құжат жобасы пайда болды. Құжатта экология министрлігі киік атуға рұқсат етуді ұсынатыны жазылған. Түзетулерді талқылау кезінде билік құжат толықтыруға жіберілгенін хабарлады. Бірақ алғашқы нұсқасын сайттан алмаған. Негізі талқылау 21 маусымда аяқталуы тиіс еді.

29 маусымда экология министрлігі киік санын реттеу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Экология министрі Серікқали Брекешев Орал даласындағы киіктің он пайызын атуға рұқсат берілетінін айтқан.

"Оралда 800 мың бас киік бар. Шамамен он пайызы, яғни, 80 мыңы реттелуі керек" деді министр. Брекешовтің атуға рұқсат берудің мақсаты "популяцияны сақтау және арттыру" деп айтқаны да қарама-қайшы көрінеді.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі киік етін өңдеп, консерві шығару мәселесін көтеріп үлгерді. Бұл туралы кездесулердің бірінде аудан әкімі Арман Өтегенов айтты. Ол "өндірушілермен келіссөз жүргізіліп жатыр" деді. Бірақ мұның қалай жүзеге асатынын экология министрлігі, атап айтқанда орман шаруашылығы комитеті шешеді деп нақтылады.

Билік Батыс Қазақстан облысында қанша киік барын нақты айта алмайды. Қазақстан бойынша шамамен 1,3 миллион киік бар. Ақбөкен таптап тастаған егістіктер мен фермалар туралы да нақты дерек жарияланған жоқ.

– Бізге облыстың алты ауданынан 824 шаруашылық жүгінді. Негізінен, жайылым мен шабандық жер жапа шеккен. Шығын әлі анықталған жоқ. Жұмыс тобы анықтап жатыр, әр ауданда есептеп жатыр, – деді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин.

Батыс Қазақстан облысы шаруалары киік қаптап кетті деп шағым айта бастаған соң "Ашық үкімет" сайтында заңға түзету енгізу туралы құжат жобасы пайда болды. Құжатта экология министрлігі киік атуға рұқсат етуді ұсынатыны жазылған.

АТПАЙ, ҚОРҒАП, САҚТАУ КЕРЕК

Экологтар мен экобелсенділер киік атуға рұқсат беру үкіметтің ең оңай және қате шешімі болды дейді. Мұндай шешім киіктің құрып кетуіне себеп болуы мүмкін. Бұл популяцияны жояды дейді "Биоалуантүрлігін сақтау қауымдастығының" табиғатты қорғау бағдарламалары директоры Алена Кривошеева.

– Қазір жүйесіз, бақылаусыз аңшылық ашса, киік мүйізін заңсыз айналымға жіберу мәселесі пайда болады. Заң бойынша рұқсат етілген квотаға қоса заңсыз ату оқиғасы да көбейеді. Адамдар киіктерді қыра бастайды. Мұндай жағдай бұрын да болған: 1970-жылдары әуесқой аңшылыққа рұқсат беріп, киік атуға мүмкіндік берген еді. Бір жылда киік саны екі есе азайып шыға келген. Тура екі есе [азайған]. Яғни, түз жануарының жартысын заңды-заңсыз жолмен атып тастаған, – дейді Алена Кривошеева.

Бірінші кезекте "Қазақстанда киік санын азайту керек пе?" деген сұрақтың жауабын түсініп алу керек дейді Кривошеева.

– Қазір киік санын азайту керек екеніне ғылыми дерек-дәйек жоқ. Ең басты проблема – фермерлер айтып жатқан шығын бойынша да нақты сан жоқ. Қанша жер жапа шеккенін не теңгемен, не гектармен ешкім есептемеген. Мынадай шығын келген деп сүйенетін ештеңе жоқ. Әрине, қандай да бір фермалардың жерін расымен киік таптап тастағанын жоққа шығармаймыз. Бірақ бұл қандай деңгейде жүріп жатыр? Еш жерде не сан, не есеп жоқ. Эмоция мен әңгіме тым көп, бірақ дәлел жоқ, – деді Алена Кривошеева.

"Жайылым жерді киікті атып қорғау мүмкін емес" дейді Өтемісов атындағы БҚО университетінің ғылыми қызметкері, биологиялық ғылымдар магистрі Михаил Шпигельман. Жайылым мен егістік жердің түгесілуінің басты себебі киік емес дейді биолог.

– Жайылымдар мен дала қатты деградацияға ұшыраған. Біршама жайылымда мал тым көп болып, негізгі дәнді дақылдарды жойған. Ешкім жемейтін шөп қана қалған. Мұның себебі – облыстағы мал шаруашылығын ғылыми тұрғыдан жүргізу керек, бірақ олай істемейді, – дейді Михаил Шпигельман.

Жайылым жағдайына климаттың өзгеруі де әсер етеді. Жергілікті ғалымдар аймақта табиғаттың өзгеріп жатқанын айтады: өңірде шөлейт жер көбейген.

– Климат жыл сайын құрғап, ылғал азайып жатыр. Мал басы көбейген соң, бәріне жем де жете бермейді. Табиғатты тиімсіз пайдаланып жатыр, – дейді Михаил Шпигельман.

Киік атуға рұқсат бергенді қойып, керісінше, киік атуға салынған мораторийді кемінде үш жылға созу керек дейді экобелсенді Сәкен Ділдахмет. Қазіргі тыйымның мерзімі 2022 жылдың аяғында бітеді. Оны киік санын сақтап қалу үшін 2016 жылы енгізген.

– Қазір [киік санын] реттеу мәселесі қарастырылып жатыр, бірақ мұның қажеті жоқ деп ойлаймын. 2022 жылғы дерек бойынша 1 318 000 киік бар. Ал бізге кемінде үш-төрт миллионға жеткені керек. Сонда жағдай анықталады. Ғалымдар киіктердің қаншасының орнын ауыстыру керегін анықтауға тырысып жатыр. Реттеу үшін де [киіктің] жасы секілді деректер керек. Жаңа өңірлерге жерсіндіру үшін кәрі емес, жас киік қажет. Сондықтан министрлік атуға рұқсат берудің орнына ғылыми зерттеу жүргізгені жөн, – дейді Сәкен Ділдахмет.

"Қазір киік санын азайту керек екеніне ғылыми дерек-дәйек жоқ. Ең басты проблема – фермерлер айтып жатқан шығын бойынша да нақты сан жоқ. Қанша жер жапа шеккенін не теңгемен, не гектармен ешкім есептемеген" дейді Алена Кривошеева.

"ҒАЛЫМДАРДЫҢ СӨЗІНЕ ҚҰЛАҚ АСПАЙДЫ"

Алина Кривошеева да кешенді зерттеу жүргізу керек дейді. Ол атуға рұқсат бермес үшін көп сұрақтың жауабын табу керек екенін айтады. Мысалы: Киік атуға кім рұқсат береді? Киіктің заңды атылғанын немесе мүйіз айналымын, киік санын кім бақылайды? Киік етін өңдеумен кім айналысады? Кривошеева орман шаруашылығы инспекторларын көбейту керек деп есептейді.

– 800 мыңға жеткенде, Батыс Қазақстан облысында киік көп не аз екенін ешкім айта алмайды, ешкімде ғылыми дерек те жоқ. Мұны аз немесе көп деп атай алмаймыз. Бұл табиғат қой. Киік мұнда үнемі болған, керісінше, олар мекендейтін жерге адамдар кірді. Егістікті, жайылымды да ұлғайтып жатқан – адамдар. Олар киіктің жерін тартып алып жатыр. Сараптама жасамай, мұның аз немесе көп екенін айта алмаймыз. Бұл дұрыс болмайды, – дейді Кривошеева.

Әзірге тәжірибе көрсеткендей, бұл саладағы кадр және бақылау мәселесі дұрыс емес. Ату немесе оған салынған тыйымды ұзарту шешімі қабылданбас бұрын Батыс Қазақстан облысы фермерлері киікті жайылымдардан қуып жатыр. Оларға "Охотзоопром" қызметкерлері мен жергілікті инспекция өкілдері көмектесіп жатыр. Бірақ қазір бұл жұмыс жүріп жатқан үш өңірдің өзінде адам тапшы.

– Қазіргі таңда Бәйтерек және Тасқала ауданының егістігі жапа шеккен. Жәнібек ауданында да бар, бірақ көп емес. Бұл жерге оңтүстік өңірлерде болған "Охотзоопром" қызметкерлерін жіберген. Қазір киікті күзету шараларына "Охотзоопромның" 23 қызметкері жұмылған, – деп хабарлады Азаттыққа БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Закария Тұралиева.

Жағдайды орнына келтіруге болады, бірақ ол үшін фермалар ғылымға құлақ асуы керек. Жайылымдардың жартысы демалып, қалпына келсе, малды қалған жартысында ұстау керек дейді Шпигельман.

– Қымбат болған соң мұнымен айналысуға ешкімнің құлқы жоқ. Фермалар олай істегісі келмейді, бәріне киікті кінәлайды. Киік кінәлі емес. Мал ұстауға табиғи жағдай қолайсыз болып отыр. Ауыл шаруашылығына басымдық беріп жатыр. Ғалымдар істеп жатқан ғылыми жұмыстарды ешкім көрмейді, олардың сөзіне құлақ аспайды. Сондықтан киік ату – асығыс шешім, – дейді биолог.

Your browser doesn’t support HTML5

Киік тағдыры: жол ма, жазық па?