Францияның жеңісі, Ресейдің шығыны және FIFA тапқан пайда

Футболдан Ресейдегі әлем чемпионаты аяқталды. Бұл әлем чемпионатына Ресей қанша жұмсады? FIFA қанша пайда тапты? Жеңімпаз ел қанша сыйақы алды?

АРАҒА 20 ЖЫЛ САЛЫП...

Шілденің 15-інде өткен финалда Франция құрамасы Хорватияны жеңді. Мәскеудегі “Лужники” стадионындағы матч 4:2 есебімен аяқталды. Хорватия құрамасының ойыншысы Лука Модрич әлем чемпионатының ең үздік ойыншысы атанды.

Франция әлем чемпионы ретінде 38 миллион доллар, ал Хорватия 28 миллион доллар сыйақы алады. Биылғы чемпионаттың қоласын Бельгия (24 млн доллар сыйақы) иеленді. Олар үшінші орын үшін өткен матчта Англияны (22 млн доллар сыйақы) жеңді – 2:0. Ресейдегі әлем чемпионатының жүлде қоры 400 миллион доллар болды.

Матчтан кейін Франция құрамасының ойыншысы Антуан Гризманн: "Әлем чемпионы атануды әлі толық сезінген жоқпын. Командаластарыммен, бапкерлеріммен, техникалық және медициналық қызметкерлермен мақтанамын. Біз, шынымен, бір командамыз. Біз ғажап бір іс жасадық. Біз тарихқа өз үлесімізді қостық. Енді тойлаймыз. Ертең Францияда мереке. Француз халқымен тойлаймыз" деді.

Франция құрамасы жеңіске жеткен сәт. 15 шілде 2018 жыл.

Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам финалдан кейін: "Біздің команда өте жас. 14 футболшы алғаш рет әлем чемпионатында ойнады. Бірақ олар сапалы ойын көрсетті. Команда әлем чемпионатына жауапкершілікпен қарады. Оларға берілмеңдер деп қайталаумен болдым" деді.

Хорватия құрамасының бас бапкері Златко Далич матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында: "Францияны жеңісімен құттықтаймыз. Алғашқы 20 минутта жақсы ойнадық, Ойынды бақылауда ұстадық. Ойыншыларымды құттықтаймын. Бұл, бәлкім, осы чемпионатта ойнаған ең үздік матчымыз болған шығар. Франциямен ойында қателік жасауға болмайды. Кішкене өкініш бар, бірақ осы жетістігімізбен де қуануымыз керек" деді.

Чемпиондар.

Хорватия - әлем чемпионатының финалында ойнаған 13-ел. Ал Франция араға 20 жыл салып әлем чемпионы атанды. Франция 1998 жылғы әлем чемпионатын ұйымдастырып, осы турнирде жеңіске жеткен. 98 жылғы әлем біріншілігінде Франция мен Хорватия жартылай финалда кездесіп, Франция жеңген. Кейін Хорватия қолаға таласта Голландияны жеңіп, үшінші орын алған.

Франция құрамасының ойыншысы, финалда гол салған және турнирдің үздік жас ойыншысы атанған Киллиан Мбаппе 1998 жылы өз елі әлем чемпионы болған кезде әлі дүниеге келмеген еді.

Әлем чемпионатының үздік ойыншысы Лука Модрич (ақ-қызыл формада) пен әлем чемпионатының ең үздік жас ойыншысы Мбаппе. 15 шілде 2018 жыл.

​Ал Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам 1998 жылғы әлем чемпионатын ойыншы ретінде жеңген. Франция 2016 жылғы Еуропа чемпионатының финалына шыққан. Бірақ екі жыл бұрынғы Еуро финалында Португалиядан жеңілген.

ШЫҒЫН МЕН ПАЙДА

Биылғы әлем чемпионатында FIFA алғаш рет пенальти, офсайд және тәртіп бұзуды видео қайталау арқылы анықтайтын VAR (video assistant referee) жүйесін қолданды. Франция мен Хорватия арасындағы финалда аргентиналық төреші Нестор Пинтана ойын эпизодын VAR арқылы қайталап көрген соң Хорватия ойыншысы Иван Перишич “қолмен ойнады” деген шешім қабылдап, пенальти белгіледі.

Иван Перишич "қолмен ойнаған" сәт. 15 шілде 2018 жыл.

Ресей әлем чемпионатын ұйымдастыру құқығын 2010 жылы жеңіп алған. Содан бері бұл ел әлем біріншілігін ұйымдастыруға барлығы 11 миллиард доллар жұмсаған. Бұл қаржының көбі стадион құрылысы мен инфрақұрылымға кеткен. Әлем кубогы 12 стадионда өтті. Тоғыз стадион әлем чемпионаты қарсаңында салынды. Ал Ресейдің өзі бұл әлем чемпионатында ширек финалға дейін жетті. Бұл - Ресейдің Совет одағы тарағалы әлем чемпионатындағы ең үздік нәтижесі.

Сочидегі Фишт - Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты мен әлем чемпионатының матчын өткізген әлемдегі екінші стадион. Бұған дейін Туриндегі Олимпиадалық стадион әлемдегі ең ірі екі спорт жарысын (1990 жылғы әлем чемпионаты және 2006 жылғы олимпиада ойындары) ұйымдастырған.

Финалда ойнаған Хорватия құрамасы. 15 шілде 2018 жыл.

The New York Times басылымының есебінше, FIFA Ресейдегі әлем чемпионатынан 6,1 миллиард доллар пайда тапқан. Бұл 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатымен салыстырғанда 1,3 миллиард долларға көп. Қаржының көбі телекөрсетілім, билет және демеушілерден түскен. The New York Times басылымының жазуынша, биылғы әлем чемпионатына демеушілік еткен Қытай компанияларының саны өскен. Әлем біріншілігіне демеуші болған 20 компанияның жетеуі – Қытайдан. 2014 жылғы әлем біріншілігінде тек бір ғана Қытай компаниясы ақша құйған. Ал футболдан Қытай құрамасы тек 2002 жылғы әлем чемпионатына қатысқан.

Франция президенті Эммануэль Макрон, FIFA президенті Джанни Инфантино, Ресей президенті Владимир Путин және Хорватия президенті Колинда Грабар-Китарович финалдық ойында. 15 шілде 2018 жыл.

FIFA есебінше, Ресейге Әлем чемпионатын тамашалауға бір миллионнан астам турист келген. Ал теледидардан үш миллиардтан астам адам тамашалаған.

РЕЖИССЕР ҚАҚПАШЫ ЖӘНЕ ЧЕМПИОНДАР "ДӘСТҮРІ"

Панама мен Исландия алғаш рет әлем чемпионатына қатысты. Исландия - әлем чемпионатында ойнаған ең кішкентай ел. Исландия құрамасының қақпашысы Тоур Ханнес Халльдоурсонның негізгі мамандығы - режиссер. Ол 2002 жылғы Евровидение байқауында Исландия үшін видео түсірген.

Уругвай құрамасының бас бапкері Оскар Табарес - жаттықтырушы ретінде төрт рет әлем чемпионатына қатысқан алғашқы маман. 71 жастағы бапкер Ресейдегі әлем біріншілігінде таяққа сүйеніп жүрді.

Ал Мексика құрамасының 39 жастағы қорғаушысы Рафаэль Маркес бес әлем чемпионатында (2002-2018) қатар ойнады.

Уругвай құрамасының бас бапкері Оскар Табарес әлем чемпионатында.

2014 жылғы әлем чемпионы атанған Германия биылғы біріншілікте топтан шыға алмады. Әлем чемпионы атанған елдердің келесі біріншілікте плей-офф кезеңіне шыға алмай қалуы “дәстүрге” айналғандай.

1998 жылы әлем чемпионатында жеңген Франция 2002 жылы жарысты топтық кезеңнен аяқтады. 2006 жылғы әлем чемпионатын жеңген Италия 2010 жылы топтық кезеңнен өте алмады. 2010 жылы әлем чемпионы болған Испания 2014 жылы топтық кезеңнен кейін еліне қайтқан.

Your browser doesn’t support HTML5

2018 жылғы әлем чемпионаты жайлы 18 дерек

2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатында 32 команда ойнайды. Катардағы турнир қараша мен желтоқсанда өтпек. Ал 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика бірігіп ұйымдастыратын әлем біріншілігіне 48 команда қатысады.

Әлем чемпионатының финалы

Франция – Хорватия – 4:2 (2:1)

Голдар: Манджукич, 18 - автогол (1:0). Перишич, 28 (1:1). Гризманн, 38 - пенальтиден (2:1). Погба, 59 (3:1). Мбаппе, 65 (4:1). Манджукич, 69 (4:2).

Франция: Ллорис, Павар, Варан, Юмтити, Эрнандез, Мбаппе, Канте (Н`Зонзи, 55), Погба, Гризманн, Матюиди (Толиссо, 73), Жиру (Фекир, 81).

Хорватия: Субашич, Врсалько, Ловрен, Вида, Стринич (Пьяца, 81), Ребич (Крамарич, 71), Ракитич, Брозович, Модрич, Перишич, Манджукич.

Ескерту алғандар: Канте, 27. Эрнандез, 41. Врсалько, 90+2.

Төрешілер: Питана, Белатти, Майдана (Аргентина).

VAR төрешілер: Иррати (Италия). Вильяно (Аргентина), Астроса (Чили), Маккели (Голландия).

15 шілде. Мәскеу. "Лужники" стадионы.