Назарбаев пен Каримовтің денсаулығы сөз болды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта). Астана, 7 қыркүйек 2012 жыл

Ұлыбританиялық The Economist журналы да Орталық Азиядағы ең ұзақ билік басында отырған екі президент пен олардың болашақ мұрагерлері туралы болжам айтудан тыс қалмады.
Сәуірдің 6-сы күні жариялаған шағын материалында The Economist Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шау тартқан сайын бойларына жабысқан сырқаттары мен "мұрагер қыздары" туралы болжамдар жазыпты. Басылымның жазуынша, бұл екеуінің Орталық Азия аймағындағы саяси ықпал жасауға қатысты өзара бәсекесі бәсеңдемесе де, олар бір-біріне қолдау көрсетіп тұрады. Мысалы, жақында Өзбекстан президенті Ташкенттегі резиденциясында Қазақстанның сыртқы істер министрін қабылдаған.

"ГУГУШАНЫҢ" ӘКЕСІ

Наурыздың 27-сі күні Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасынан көрсетілген бұл бейнесюжетті көптеген адам өте мұқият түрде қарап отырған. Өйткені соның алдында ғана (наурыздың 19-ы) Ислам Каримовтың жүрегі ұстап қалыпты деген сыбыс тараған еді. Өзбек президентінің қызы Гүлнара Каримова Twitter арқылы бұл сыбыстың өтірік екенін дәлелдемек болып біраз сөз шығындады. Ақыры аяғында Ислам Каримов экраннан көрінгесін барып қаңқу сөз саябырсыды.

The Economist-тің жазуынша, қуғындағы өзбектің оппозицияшыл саясаткері Мухаммад Салих таратқан бұл сыбыс Өзбекстанның ішінде де, тысында да біраз жұртты алаңдатқан. Бірқатар жұрт Ауғанстаннан Батыс әскерінің шығып кетуі аймақтағы жағдайды, әсіресе, НАТО-ның "дәлізі" ретінде қарастырылатын Өзбекстандағы ахуалды қайта тұрақсыздандырады деген қауіп білдірген.

Гүлнара Каримова, Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің қызы. Көрнекі сурет


Басылым совет кезеңінен бері басқару тетігін бермей келген Каримовтің жасы мен денсаулық жағдайы биліктің ауысуын қиындатып жібереді деп болжайды. Болашақ Өзбекстан президенті болуы мүмкін деп сипатталған кандидаттардың арасында қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустом Иноятов, бірінші вице-премьер Рустам Азимов пен қаржы министрі Шавкат Мирзиеевтердің аттары аталады.

Бірақ 40 жастағы Гугуша (Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнараны бала кезінде еркелетіп қойған аты) поп-жұлдыз, дизайнер, қайырымдылық жасаушы, кәсіпкер және дипломат ретінде "Ташкенттің сұп-сұр билік коридорына әр бітіріп тұрған" құбылыс ретінде сипатталған. Бірақ саяси тұрғыдан алымдырақ қарсыластары мұндай "жеңіл салмақты" қарсыласын тең көрмеуі де мүмкін. Каримовтан кейінгі бұлыңғыр кезеңде басшылық жасайтын жетекші саяси қисын мен суық ақыл иесі болуы шарт. Ал Гугушаны Өзбекстанда жаратпайтындар да баршылық.

ДАРИҒАНЫҢ "ПАПАСЫ"

The Economist 72 жастағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да совет кезеңінен бері ел басқарып отырғанына назар аударады. Оның "қуықалды безі рагына шалдыққаны" және "операция жасатқаны" туралы тараған сыбысты кейбір сарапшылар Өзбекстанмен салыстырғанда әлдеқайда ашық түрде талқылап жатыр.

Басылымның пайымдауынша, Орталық Азия елдеріндегі жетекшілік ауысуы қарсаңындағы талас-тартыс тек саяси билікке ұмтылу емес, экономикалық мүдделерді қорғап қалу әрекеті. Мұнайға бай Қазақстан аймақтағы шетелдік инвесторларды тартып тұрған магнит тәріздес. Бұл елдегі дәулетті жұрт пен орта тап өкілдері жиған-тергендері үшін қатты алаңдайды. Қаржысын шетке асыруға тырысады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева ән шырқап тұр. Көрнекі сурет


Халықтың билікке наразылығы үдеп келеді. Өйткені бюджет ақшасын жұмсауға қарамастан азық-түлік бағасының өсуі, жемқорлықтың жайылуы, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы кемшіліктер асқынып барады. Басылым 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын да мысал ретінде келтірген.

The Economist басылымына пікір білдірген саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева Қазақстандағы саяси ахуалды "ширығып тұр" деп санайды. Оның сөзінше, саяси жүйенің өзгере қоюы неғайбіл. Биліктің династиялық жолмен ауысуы әркез дүрбелең тудырады. Ислам Каримов сияқты Нұрсұлтан Назарбаевтың да үлкен қызы Дариға мұрагер ретінде аталып қалады.

Үмбетәлиеваның ойынша, саяси элитаның қарсылығына қарамастан халық мұрагер таңдау процесіне қатысқысы келеді. Екі елде де ықпалды саяси топтар мәмілеге келіп, елеусіздеу бір кандидатураны мұрагер етіп тағайындаулары мүмкін. Егер мәмілеге келе алмаса, жаңа бір бет қаратпайтын автократтың пайда болуына өздері жағдай жасамақшы.