Грузияның Ресейге қатысты саясаты өзгере бастады

Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили (сол жақта) және президенті Михаил Саакашвили. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.

Иванишвилидің үкіметі «елдің Ресейге байланысты ұстанымын әлсіретіп, қауіпсіздікке қатер төндіреді» деген сынға ілікті. Бірақ жаңа үкімет «мықты қарсыласпен күресудің тиімді әдісін табамыз» дейді.
Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили «Ресеймен арадағы шиеленісті шешу – үлкен арманым» деді. Бірақ осы «арманы» үшін ол ел президенті Михаил Саакашвилимен сөз таластырып қалды.

Иванишвилидің өткен аптада (23 сәуір) Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясында айтқан сөзі – «Грузия сепаратист аймақтар Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қатысты көп қателік жіберді» деген пікірі Саакашвилиге ұнамады.

– Ол осы сөзімен кімдердің көңілін ауламақ? Бұл Грузияның тәуелсіздігі мен еркіндігіне, болашағына және аумақтық тұтастығына әсер етеді, – деді президент Саакашвили.

«РЕСЕЙ ӘЛІ ӨЗ КОЛОНИЯСЫНДАЙ КӨРЕДІ»

Иванишвили «Грузия арманы» блогы Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалысын» өткен жылдың қазанындағы сайлауда жеңгеннен кейін билікті өз қолына алды. Президенттің негізгі өкілеттігі мен сыртқы істерді бақылау премьер-министр мен парламенттің қарауына өтті.

Сарапшылардың пікірінше, Иванишвили үкіметі мен Саакашвили әкімшілігінің арасындағы Ресейге қатысты дау бұрынғы советтік елдерге әлі күнге дейін виртуалды колониясындай қарайтын солтүстік көршіге деген Грузияның дилеммасын бейнелейді. Саакашвили сияқты Мәскеумен арадағы қарым-қатынасты үзілді-кесілді тыюдың салдары ауыр болуы мүмкін, ал жақын тартсаң – ішкі ісіңе араласып, кедергі келдіреді.
Ресей әлі күнге дейін бұрынғы совет республикаларын өз колониясындай көреді.

– Ресей – Грузия үшін өте қиын көрші. Онымен тіл табысу тым ауыр. Ресей әлі күнге дейін бұрынғы совет республикаларын өз колониясындай көреді. Бірақ Грузия өз жолын тауып, соны ұстануы керек. Олар Ресей-Грузия қарым-қатынасын немесе Абхазия мен Оңтүстік Осетияның саяси мәртебесін шешуге ұмтылмайды. Бірақ екі елдің қарым-қатынасын реттейтін тетіктерді табу керек, – дейді Маунт Холиоук колледжінің профессоры, «Грузия: тәуелсіздіктен соңғы саяси тарих» кітабының авторы Стивен Ф. Джонс.

«АЙЛАМЕН ӘРЕКЕТ ЖАСАУ КЕРЕК»

Иванишвили мен сыртқы істер министрлігіндегі саясаткерлер «Грузияның батысшыл ұстанымын, НАТО мен Еуропа Одағына қосылсам деген тілегін өзгертпейміз» дейді. Олар да Саакашвили сияқты Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Грузияның бір бөлігі санап, «Ресей ол жақтағы 10 мың әскерін шығармайынша Мәскеумен дипломатиялық байланыс орнатпаймыз» деп мәлімдеді. Бірақ жаңа үкіметтің ойынша, «Ресеймен сауда байланысы сияқты мәселелерде жұмсақтық танытқан жөн».

– Солтүстігіміздегі 140 миллион тұрғыны бар ядролық держава аяқ астынан жоғалып кетпейді. Ұнаса да, ұнамаса да, Тбилиси Мәскеумен қарым-қатынас жасап, қулыққа көшуі керек. Ресей Грузияға қатысты ұстанымын өзгертеді деп дәмеленбейміз. Бірақ біз елді дамыту үшін сәл демалып, тыныштық орнатуымыз керек. Сауда ісін дамытып, Абхазия және Осетиямен айналысуға мүмкіндік аламыз. Бұны Ресейге реалистік әдіспен қарау деуге болады, – дейді Грузияның қорғаныс министрі Ираклий Аласания.

Бұл әдісті қолдайтындар көп екені байқалады. АҚШ ұлттық демократиялық институты жүргізген сауалнамаға қарағанда, грузиялықтардың 68 пайызы «Грузия арманы» Ресеймен шиеленісті шеше алады деп, 54 пайызы «елдің НАТО-ға кіруіне ықпал етеді» деп сенеді.

Грузия үкіметі шарап пен минералды су сияқты грузин өнімдерін Ресей рыногына қайта жіберуге келісті. Ресми дипломатиялық байланыс болмағандықтан, Иванишвили Зураб Абашидзені арнайы елші етіп тағайындап, Мәскеумен қарым-қатынасты реттеп отыруға міндеттеді.

Грузияның Ресейге жіберетін "Боржоми" минералды суы. 1 ақпан 2013 жыл.


Президент Саакашвилидің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Гига Бокерияның ойынша, биліктегі партияның жаңа саясаты Грузияның мүддесін аяққа таптауы мүмкін.

– Сауда мәселесі – заңды мәселе. Бірақ Ресейдің Грузияның ішкі ісіне араласуы – басып алу ғана емес, еуроатлантикалық жолымызды кесуге деген талпынысы. Бұл әрекет қателік болды, – дейді ол.

«БАТЫС ТА ҚОЛДАЙДЫ»

Сауалнама «халықтың көбі үкіметті қолдайды десе» де, Ресеймен жақындасуға наразылар да бар. 19 сәуірде Саакашвилидің жақтастары Тбилиси алаңына шығып шеру өткізді. 21 жастағы студент, бетін Грузия және Еуропа Одағының жалауы тәрізді етіп бояп алған Георгий Сибашвили елінің Ресейге жақындап, Батыстан алшақтағанына алаңдайтынын айтады.

– Қазір грузин шарабы Ресейге қайта жіберіле бастады. Одан бізге не пайда? Алдымен олар біздің аумақтарымызды қайтарсын, шарап мәселесін сосын талқылаймыз, – дейді студент.

Ресейге қарсы наразылық шарасы. Тбилиси, 25 ақпан 2013 жыл.


Жаңа үкімет «Грузияның Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қатысты ұстанымы өзгермеді» десе де, өзгеше әдіске көшті. Саакашвили билігі ол аумаққа мүлдем жоламаса, Иванишвили керісінше ол өңірлермен барынша жақындасуға, «абхаздар мен осетиндердің Ресейден қалған көңілін Грузияға бұруға» тырысып жатыр.

– Олар Ресей мен жаңа Грузия арасында таңдау жасау мүмкіндігіне ие болсын. Бұл – Еуропаның бөлігі болатын жаңа, демократиялық Грузия, – дейді Грузияның қайта бірігуі бойынша министрі Паата Закареишвили.

Жаңа үкімет мүшелері «Мәскеуге қарсы пікіріне қарамастан, елдегі маңызды инфрақұрылым бөліктерін Ресей компанияларына сатқанын» өздерін сынаған президент Саакашвилидің есіне салды.

Грузия парламентінің спикері Давид Усупашвили Тбилисидің жаңа саясатын НАТО мен Еуропа Одағы және АҚШ қолдайтынын айтады.

– Олар бізге үнемі осылай әрекет етуге кеңес етті. Бір жағынан біз өзіміз қажет деп тапқан істі жасаймыз, екінші жағынан оны Батыс та қолдайды, – дейді парламент спикері.

(Мақаланы Динара Әлімжан аударды).