Accessibility links

Қытайдағы қазақтар мәселесін көтерген белсендінің қамалғаны хабарланды


Еуроодақ өкілдігі алдында акция ұйымдастырған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.
Еуроодақ өкілдігі алдында акция ұйымдастырған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.

Қараша айының соңында Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында Қытайда қысымға ұшыраған қазақтар мәселесін көтерген бір топ белсенді арасында болған азамат Жұмамұрат Шәмші қамалды деп хабарлады “Атажұрт еріктілері” ұйымының өкілі Меллатхан Айтқали Азаттық тілшісіне. Оның айтуынша, Шәмшіні полиция 9 желтоқсанда ұстап әкеткен. Дүйсенбі күні Жетіген көшесіндегі уақытша қамау изоляторына барған кезде ондағы қызметкер Жұмамұрат Шәмші есімді адамның изоляторға отырғанын айтқанмен нақты не үшін қамалғанын ашып түсіндірмеген.

Sud.kz сайтындағы дерекке сәйкес, оның ісін судья Бауыржан Ахметқалиев қараған. Соттың аяқталғаны көрсетілгенмен шешімі әлі жарияланбаған. "Атажұрт еріктілері" ұйымы өкілдерінің болжамынша, оны 27 қараша күнгі ЕО өкілдігі алдындағы акция үшін әкімшілік жауапқа тартқан болуы мүмкін. Меллатхан Айтқалидің айтуынша, бұған дейін полиция өзін де бөлімшеге шақырып, сол акцияға байланысты сұрақтар қойған. Полиция мен сот әзірге жауап бермеді.

Қарашаның 26-27 күндері Нұр-Сұлтанда Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында ондаған белсенді акция өткізіп, Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары өрескел бұзылатынын айтып, шағымданған. Акцияның екінші күні оларға туыстары Қытайда қамалған немесе қысым көрген азаматтар қосылып, Еуроодақтан мәселеге араласуын сұраған.

Бұл акцияның алдында бір-екі сағат бұрын Нұр-Сұлтанда баспасөз жиыны өтіп, "Қытайдың саяси лагерьлерінде қамауда болған" бірнеше адам лагерьде көрген азабы туралы айтқан. Солардың бірі Тұрсынбек Қаби есімді азамат Қытайда өзін жер астындағы түрмеде жеті түн қорлағанын айтып берген. Бұл жиынға Қазақстан билігі шақырылғанмен келген жоқ. Есесіне Германия, Ұлыбритания, АҚШ елшілігінің өкілдері келіп қатысты.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да түркітілдес ұлттарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйренетін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандар отыр" деп мәлімдеген.

Бұған дейін Еуроодақ өкілдігі алдындағы акцияға байланысты Нұр-Сұлтанда тағы үш белсендінің қамалғаны хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG