Accessibility links

Ұлы «жібек» көпірі мен Алматы көшесіндегі түйеқұс


Белградта қытай компаниясы тұрғызып жатқан көпір. (Көрнекі сурет.)
Белградта қытай компаниясы тұрғызып жатқан көпір. (Көрнекі сурет.)

Батыс басылымдары Жібек жолының жалғасы ретінде дүниежүзілік жерүсті көпірін салу идеясы, жеңілмейтін Головкин және Қазақстандағы күлкілі оқиғалар туралы жазған.

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ИДЕЯСЫН ЖАҢҒЫРТУ

Қытайдың Ханчжоу қаласындағы G-20 саммиті қарсаңында Үндістанның The Hindu газеті «Жібек жолынан кейін дүниежүзілік жерүсті көпірі салына ма?» деген мақаласында Schiller Institute негізін қалаушылардың бірі Хельга Цепп-Ларушпен сұхбатын жариялаған. Оның айтуынша, «Дүниежүзілік жерүсті көпірі – ежелгі Жібек жолының жоғалған мәдени және өркениет атрибуттарын тұтастай қалпына келтіру жөніндегі ірі бастама – Еуразия жерүсті көпірінің табиғи жалғасы». Сібір мен Аляска арасында суасты туннелі салынады деп жоспарланған әлгі бастама ең ірі екі құрлық - Еуразия мен Американың арасындағы дүниежүзілік жерүсті көпірін салуға ұласар еді.

Хельга Цепп-Ларуш 2013 жылдың қыркүйегінде Қытай президенті Си Цзиньпин Қазақстанда «Жаңа жібек жолы» жобасын жариялағанын естіп «бақытқа бөленгенін» айтады. Ол G-20 саммитіне қатысушыларға «Батыс Азия мен Солтүстік Американың күйреген қоғамдары Ирактың Аббасид дәуірі рухында қайта құрылмаса, халықаралық терроризм, Еуропаға жөңкілген миграция нөпірі және босқындар дағдарысын шешу мүмкін емес» дейді.

ЖЕҢІЛІП КӨРМЕГЕН ЧЕМПИОН

Америкалық Bleacher Report спорт газеті «Геннадий Головкинмен ешкімнің жекпе-жекке шыққысы келмеуі орта салмақтағы бокста хаос тудырды» деген мақаласында GGG мен британдық Келл Брук арасында жуырда өтетін жекпе-жек туралы жазған. «Әуелі жекпе-жек тізімінде Брук болмаған. Ол тіпті тізімде екінші, үшінші де болған жоқ. Осы салмақтағы өзгелер бұғып қалғанда, жекпе-жекке шығуға жалғыз сол ғана құлық білдірді» деп жазады. Мысалы, мексикалық Канело Алварес, британдық кіші Крис Юбенко және «ұлы бокс елі – Қазақстанда тұрмайтын жалғыз [орташа салмақтағы чемпион]» британдық Билли Джо Сондерс жекпе-жектен бас тартқан.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин баспасөз мәслихатында. Лондон, 1 тамыз 2016 жыл.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин баспасөз мәслихатында. Лондон, 1 тамыз 2016 жыл.

«Сондықтан өз салмағындағы ең үздік боксшы екінші жартылай орташа салмақта сынға түседі, өйткені онымен өзге ешкім шыққысы келмеді. Ring журналының болжамы бойынша, №8 боксшымен жекпе-жекке шығу үшін чемпион салмағын азайтуға кіріскен, ал оның салмағындағы өзгелер көп сөйлегенімен, мықтырақ біреумен шықпайды. Қазіргі заманғы бокстың сықпыты осы» деп жазады Bleacher Report.

АҚША ТАБУДЫҢ ТЫҢ ЖОЛЫ

Америкалық CNBC бизнес саласындағы жаңалықтар сайты «Кей адамдар әлеуметтік желідегі жазбалары үшін миллиондап ақша табады» деген мақаласында Captiv8 әлеуметтік желілерді басқару платформасының YouTube желісінде 7 миллионнан көп жазылушысы бар адамдарға бір кампания үшін орта есеппен 300 мың доллар беретін жаңадан шыққан «тиімді карьера» туралы дерегін келтірген. Captiv8 дерегінше, автомобиль шығаратын бір компания түрлі әлеуметтік желілердегі жазбалары, олардың көп тарағаны және эксклюзивтік сипаты үшін жеті таңбалы санмен белгіленетін ақша төлеген.

Бірақ ол ақша «қолдан жасалған» жазылушылар санына ғана емес, комментарий жазып, лайк басатындар тізіміне енгізгендер санына байланысты төленеді. IZEA әлеуметтік желілерді басқару компаниясының аға қызметкері Райан Шрам CNBC өкілдеріне «мен сіздерге ертеңге дейін 1 миллион адам тауып бере аламын, бірақ бұл заңсыз. Әлгі адамдар сіз танымайтын қазақстандықтар болуы, тіпті ондай жандар өмірде жоқ болуы да мүмкін» деп мәлімдейді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТОСЫН ОҚИҒАЛАР

Ұлыбританияның Daily Mail газеті Шығыс Қазақстан облысындағы Әуезов кентіне таяу жерде орналасқан «Бақыршық» кенішіндегі үлкен экскаваторларды жүргізушілердің тосындау ермегіне қатысты комментарий жазған. «Зеріккен жұмысшылар күн батырудың амалын тауып, алып механикалық экскаватормен боулинг ойнап жатқанын видеоға түсірген» деп жазады Daily Mail.

Көліктегі түйеқұс. (Көрнекі сурет.)
Көліктегі түйеқұс. (Көрнекі сурет.)

Әлгі жұмысшылар су толы бөтелкелерді экскаватор шөмішімен көздеп балалар добын лақтырудан бөлек, бағанда ілулі тұрған қорғаныс каскаларын шөмішпен қағып алып, оларды темір бөшкелерге салуда да ептілік танытқан. Газет «Еріккеннің ермегі. Одан да жолды жөндеп жасасаңдаршы» деп жазған Bagi Seri деген қолданушының комментариін де берген.

Daily Mail газеті тағы бір мақаласында Алматыда болған тосындау оқиға жайлы жазыпты. Тамыздың 25-і күні қаладағы әл-Фараби даңғылы бойында белгісіз ер адам желе жортып, көліктерді басып озған. Газет Боратты еске алып, «Боратқа лайық көріністе Қазақстанда әлдебір ер адамның… түйеқұсқа мініп келе жатқаны түсірілген». Youtube желісінде жарияланған әлгі ролик бірден әлеуметтік желілерде тарап, кейбіреулер оның шынайылығына шүбә келтірген. Қазір Алматы полициясы Алматыда түйеқұс қайдан пайда болғанын тексеріп жатқан болуы мүмкін. Бұл жайлы Мальтаның Times of Malta шағын газеті де жазған.

XS
SM
MD
LG