Accessibility links

Еуроодақ Украинаға 40 жылға 35 млрд еуро көлемінде несие береді


Урсула фон дер Ляйен және Владимир Зеленский Киевтегі баспасөз жиыны кезінде, 20 қыркүйек 2024 жыл.
Урсула фон дер Ляйен және Владимир Зеленский Киевтегі баспасөз жиыны кезінде, 20 қыркүйек 2024 жыл.

Еуроодақ Украинаға 35 млрд еуро көлемінде несие береді. Бұл жөнінде Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді. Несие Еуропада бұғатталған ресейлік активтерден түскен кірістен алынбақ. Украина оны 40 жыл ішінде қайтаруға тиіс.

Украина президентімен ортақ баспасөз жиыны кезінде Урсула фон дер Ляйен ірі көлемде несие беру "Үлкен жетілік" елдерінің Украинаны қолдау бойынша алған міндеттемелерін орындаудың кезекті қадамы екенін айтты. G7 елдерінің басшылары шілдедегі НАТО саммиті кезінде айтқан міндеттемелер арасында әскери көмек пен соғыс кезінде және соғыстан кейін елді қалпына келтіруге көмектесу туралы міндеттер де бар.

Владимир Зеленский бөлінген қаражат бірінші кезекте энергетика секторын қолдауға, бейбіт халықты қорғайтын бомбапана мен өзге де инфрақұрылым салуға, сонымен бірге Украинаның қорғаныс өнеркәсібін дамытуға жұмсалатынын айтты. Ол сонымен қатар Украина билігінің Батыс елдерінен әуе қорғаныс жүйелерін сатып алу жоспары туралы айтты.

Financial Times басылымының жазуынша, аталған сома – бұл Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұғатталған ресейлік Орталық банктің Еуропадағы активтерінен түскен кіріс. Қазір ЕО-да 200 млрд еуро көлемінде ресейлік актив бұғатталған. Оларды тәркілейтін заңнамалық механизм әзірге дайындалған жоқ, алайда ЕО олардан түскен кірістерді тәркілеп, Украинаның қажеттіліктеріне жұмсауға бөлмек.

XS
SM
MD
LG