Accessibility links

Вице-министр: әскердегі өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ


Оқу-жаттығу полигоны.
Оқу-жаттығу полигоны.

Қорғаныс министрлігі өкілдері "әскердегі өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ" деп санайды.

Бұл жөнінде қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев 20 қыркүйек күнгі брифинг кезінде мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, армия – бұл "өмір сүру жағдайы қиын, күнделікті өмірі қауіппен астасып жатқан" ерекше әлеуметтік ағза. Мұнда әскери қызметкерлер соғыс құралдарымен жұмыс істейді, соғыс техникаларын пайдаланып, оқу-жаттығуларға қатысады, маневрлер мен марштар өткізеді.

Оның сөзінше, әскери қызметті жақсарту үшін шаралар қабылданып жатыр, алайда әскери қызметкерлердің өлімі болып тұрады.

"Кейінгі жылдары қарқыны артып бара жатқан жауынгерлік дайындық жарақат алу қаупімен астасып жатыр. Бейбіт уақытта қарулы күштер қатарында қызмет ету басқа мамандықтарға қарағанда аса қауіпті емес. Осы уақытқа дейінгі әскери өлімнің барлығы-дерлік азаматтық өлімге ұқсас" деді вице-министр.

Оның сөзінше, елде әскери қызметкерлердің өлімі мен жарақаттануына негізінен қару-жарақ пен оқ-дәрілерді пайдалануға салғырт қарау, техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, жұмыстан тыс уақытта жол-көлік оқиғалары, сырқаттану, суицид пен "отбасындағы кикілжіңдерге байланысты" өзіне қол жұмсауға тырысу жайттары себеп болып отырғанын айтты.

"Аталған жағдайлардың шамамен 90 пайызының әскери қызметке қатысы жоқ" деді Шайх-Хасан Жазықбаев.

Оның айтуынша, қарулы күштер саласында кейінгі үш жылда әлімжеттікпен байланысты қылмыстар саны 28 пайызға азайған: 2021 жылы 32 жағдай тіркелсе, 2023 жылы 23 болған. Биыл 13 факт тіркелген.

"Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, қазір азаматтық қоғамда қарама-қайшы және дұрыс емес екі тұжырым қалыптасқан. Біріншісі, "әскерде бейбіт заманда сарбаздар өліп жатыр" деген тұжырым. Екінші тезис – "жеке құрамда әлімжеттік бар-мыс" деген тұжырым" деді Жазықбаев.

Оның айтуынша, бейбіт уақытта әскери қызметкерлер арасындағы адам өлімі "жауынгерлік емес шығын" деп аталады. Вице-министр әрбір оқиға мұқият тексерілетінін, ал әскери басқарманың бірінші жетекшілеріне қатаң дисциплинарлық айыппұл мен кадрлық шешім қабылданатынын айтты.

"Бірақ бұл жерде қандай шара қолданбайық, бәрі әскерде жүрген адамға байланысты екенін түсінуіміз керек. Әскерге шақырылған азаматтар қазірдің өзінде қалыптасқан дүниетаныммен және отбасында, мектепте, достарының арасында алған тәрбиемен келеді. Мұндай жағдайда барлық шаралар мен тыйымдар дәрменсіз" деді ол.

Вице-министрдің қатысуымен өткен брифинг соңғы бірнеше аптада әскери бөлімдерде немесе жоғары әскери оқу орындарында болған әскери қызметкерлердің жарақаттануы мен қазасынан кейін өтіп отыр. Аягөз әскери гарнизонында қызмет істеген 26 жастағы лейтенант 19 қыркүйекте әскери қызметтен тыс уақытта пәтерінен өлі күйде табылды. Әскери гарнизон таратқан ресми хабарламада "әскери қызметкер өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін" деген болжам айтылады. Туыстары марқұмның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп санайды.

Биліктің мәліметінше, 2020 жылдан бері Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болған. Ресми мәлімет бойынша, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп болған.

XS
SM
MD
LG