Accessibility links

Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.
Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт күннен асты. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украина қарулы күштері мен Ресей әскері арасында шайқас жүріп жатыр.

Украина жағы Ресейдің үш мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапты дейді. Ресей 27 ақпан күні сарбаздарының опат болғанын алғаш рет мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Украина сарбаздары арасында жүздеген адам опат болған, қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және көптеген өзге ел Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтіп жатыр. Еуроодақ елдері Украинаға шабуылдаушы ұшақтар беретін болды. Ресей президенті Владимир Путин Ресей ядролық қаруын арнайы тәртіпке көшіруді бұйырды.

Еуроодақ Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жауып, Кремльге жақын Sputnik және Russia Today бұқаралық ақпарат құралдарының Еуропа елдеріндегі жұмысына тыйым салмақ.

20:51 28.2.2022

Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөздің үшінші раунды басталғанын, келіссөз әлі аяқталмағанын хабарлады.

Украина мен Ресей тарапының келіссөз жүргізіп отырған сәті. Беларусь, 28 ақпан 2022 жыл.
Украина мен Ресей тарапының келіссөз жүргізіп отырған сәті. Беларусь, 28 ақпан 2022 жыл.

20:03 28.2.2022

Саяси шиеленістерде өзін бейтарап ұстайтын Швейцария Еуропа одағының Ресейге салған санкцияларына қосылып, Ресей ұшақтары үшін әуесін жапты. Осылайша Швейцария 1815 жылдан бері алғаш рет бейтарап статусын бұзды.

19:57 28.2.2022

Халықаралық олимпиада комитеті спорт федерацияларына Ресей мен Беларусь спортшыларын жарыстарға қатыстырмауға шақырды. Егер жарысқа қатысатын болса бұл елдің спортшылары "нейтрал атлет" ретінде тусыз, гимнсіз жеке спортшы ретінде шығуы тиіс.

ХОК спорт федерацияларынан Ресей мен Беларусьте қандай да бір спорт жарысын өткізбеуді сұрады.

19:28 28.2.2022

Харьковта атыс жалғасып жатыр

Украина тарабы Харьковта атыс әлі жалғасып жатқанын айтады. Елдің төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметі Харьковтағы шабуылдан зардап шеккен 31 адам ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді.

Харьков облысы әкімшілігі осы облыстағы Южный қаласының мэрі Александр Брюханов, оның орынбасары, жергілікті полиция бөлімшесінің жетекшісі мен тағы бір инспекторы "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен ұсталғанын хабарлады.

"Жеріміздің бір сантиметрін де бермейміз. Бұл – жай ғана сөз емес. Әскерилер сатқындық жасаған бұл адамдарды адамгершілік танытып, өлтірген жоқ. Алда ұсталған жерде ататын болады" деді Харьков облысы әкімшілігі басшысы Олег Синегубов.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG