Accessibility links

Қазақстанда медициналық білім берудің жаңа стандарттары енгізіледі


Қазақстанда жоғары және арнаулы орта медициналық білім беретін оқу орындарына биылғы жылы жаңадан қабылданған шәкірттер алдағы қыркүйек айының бірінен бастап үш деңгейден тұратын жаңа білім стандарттары бойынша оқитын болады. Бұл туралы тамыз айының 20-сы күні Астанада, республикадағы медициналық колледждер жетекшілерінің қатысуымен өткен жиында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев хабарлады.

Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі: - Бірінші деңгей – арнайы орта кәсіптік білім беру, үш жыл оқығаннан кейін студенттер мемлекеттік емтихан тапсырып, медбике фельдшер немесе акушер деген мамандықтар алып шығады. Екінші деңгей жоғары медициналық оқу орындарының жоғары курстарын қамтиды, оны тәмамдап шыққандар жоғары білім туралы диплом алады. Олар клиникаларда емдеу ісінен басқа қызметтерді атқара алады. Ал үшінші деңгейден өткендер клиникалық емдеу ісімен айналысуға құқық беретін сертификаттарға ие болады.

Министр Ж.Досқалиевтің айтуынша, Қазақстандағы медициналық білім берудің жаңа стандарттары республиканың денсаулық сақтау министрлігі мен білім және ғылым министрлігінің бұйрықтарымен бекітіліп те қойыпты. Алайда, сәрсенбі күні өткен жиынға қатысқан колледж директорларының кейбірімен сұқбаттасқанымызда олар медициналық білім берудің жаңа стандарттарының қажеттілігімен келіскенімен, биылғы жаңа оқу жылынан колледждерде оқыту ісін жаңа бағдарлама бойынша бастап кетуге әлі толық дайын еместігін мойындады.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиевтің айтуынша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына енетін елдер арасында Қазақстан жалпы медициналық білім жүйесін реформалауға алғаш болып кіріскелі отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG