Accessibility links

Аслан Абашидзенің кетуі Грузияны қайта біріктіруге жол ашты


Грузияның құрамындағы Аджария автономиялық республикасының президенті Аслан Абашидзе сәрсенбі күні кешке қызметін тастап, елін тастап, Мәскеуге кетіп қалды. Аслан Абашидзені Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Игорь Иванов жетектеп кетті. Ресей президенті Владимир Путинның арнаулы өкілі Аджария басшылығымен Грузия басшылығының арасындағы дауды тоқтатуға келген еді. Бейсенбіге қараған түні Аджарияға президент Михаил Саакашвили келіп, елмен қауышты, Аджария халқы да авторитарлық басшы Абашидзенің қашқанына дән риза.

Аджария басшылығымен Грузияның жаңа басшылығының арасында бірден текетірес пайда болғанда, жағдай соңғы апталарда ұшыққанда – Абашидзе саяси жолдан көрі күшке басқысы келді. Күшке басты десе де болады. 23-ші қарашада Тбилисиде бейбіт революция жемісіне жетіп, байырғы коммунистік кемеңгер Эдуард Шеварнадзе өз еркімен биліктен кеткен болатын, тезарада өткізілген сайлауда демократиялық оппозиция жетекшілерінің бірі, халық көтерілісін бастаған 35-жасар Михаил Саакашвили президент боп сайланды.

Аслан Абашидзе болса, жаңа президентті мойындамаймын, бұл демократиялық өзгеріс емес, төңкеріс, Грузияның болмысында төңкеріс жасау түк емес, Саакашвилдің өзі көп ұзамай тоңқалаң асады деп жар салған еді. Абашидзенің тірлігі көпұлтты Грузияның соңғы он жылындағы қиын заманның аясында болғанын ескерсек – Аджариядағы текетірес бейбіт жолмен шешілгені өте маңызды. Көпұлтты Грузияның біраз ұлттық аймақтары тәуелсіз боламыз деп ұмтылғаны белгілі. Алайда, бұл қозғалыстың артында ұлттық жаңғыру емес, ұлттық аймақтардың басындағы авторитарлық билеушілердің жеке мүддесі жатыр, Ресей сияқты кейбір мемлекеттердегі үкіметтердің ықпалы жатыр дейді бір қатар сарапшы.

Совет Одағы құлдыраған соң Грузияның орталық үкіметіне әу бастан мойынсұнбаған Абхазияны мысалға келтіруге болады. Абхазия басшылығы ашықтан ашық Ресей үкіметіндегі топтармен одақтасты, екі арада азаматтық соғыс болды, талай адамның өмірі қиылды. Аджарияның басшылығы, Аслан Абашидзе ұлттық еркіндік деп бұрынғы президент Эдуард Шеварнадземен талай тіресті, ал жеме жемге келгенде – қараша айындағы бейбіт революция кезінде ұлттық ұрандарын ұмытып, Шеварнадзені қолдады. Демек, мәселе – авторитарлық, коммунистік сипаттағы биліктің демократиялық билікке жол бергісі келмегенінде. Михаил Саакашвили, мәселен, Абашидзенің билігін бейсенбі күні былай сипаттады:

- Бұл шындығында да диктаторлық билік болды, әлем қауымдастығы мұндай билікті қабылдамайды. Аслан Аабашидзе – халықты қанаған басшы болды, кішігірім Саддам Хұсейн болды тіпті. Аслан Абашидзе нағыз диктаторлықтың барлық сипатын танытып отырды.

Аслан Абашидзенің кеткенін жұрт негізінен жылы қабылдады. Халық осы жеңіске өзі үлес қосты. Абашидзенің саяси қарсыластары көтерген халық соңғы екі күнде қатты толқыды. Абашидзенің жақын адамдары соңғы бір-екі аптада бірінен соң бірі Тбилисиге қашты, Саакашвилидің билігіне бас иді. Аслан Абашидзені көз жұма дәріптеген баспасөз құралдары далада қалды. Бейсенбі күні Михаил Саакашвили Батуми көшелерін аралап, ел жұртпен дидарласты. Саакашвили Абашидзенің бұрынғы сарайына келгенде Батуми халқы президенті жылы қарсы алды.

Президент Михаил Саакашвили басты мақсатымыз – көпұлтты Грузияның тарихи билігін қайта қалпына келтіру, елде демократиялық жаңаруды іске асыру дейді. Аджария басшысы Аслан Абашидзенің төңірегінде сыбайласқан жемқорлық қалыптасты, Абашидзенің авторитарлық билігі ел экономикасына кедергі деп ресми Тбилиси соңғы кезде жиі айтатын. Аслан Абашидзе Аджарияны 14 жыл басқарыпты. Михаил Саакашвили енді Грузияны қайта біріктіруге жол ашылды деп түйіндеп отыр. Бұл жерде, айталық, Оңтүстік Осетияның мәселесі бар. Грузия бас министрі Зураб Жвания Аджарияның автономиялық мәртебесіне ешкім қол сұқпайды, елде тез арада парламент сайлауын өткіземіз деді. Аджарияны уақытша үкімет басқармақ, оның құрамын президент Михаил Саакашвили тез арада жасақтайды.

Алыста жатқан Грузиядағы осы демократиялық өзгерістің Қазақстанға тікелей қатысы бар.Қазақстаннан шыққан мұнай Қара теңіздегі Батуми порты арқылы Еуропаға тасымалданады. Қазақстан мұнайы әлемдік базарға құбырмен де, теміржолмен де Кавказ аймағы арқылы кетіп жатыр. Сондықтан Кавказдағы кез-келген қақтығыстың жаңғырығы Қазақстанға жетіп тұрады. Өткен айда Михаил Саакашвили Аджарияның шекарасын жапқан болатын. Ал осы жолы Саакашвили Абашидзеге заңсыз әскерін таратуға он күн берді. Абашидзе Грузияның әскерімен соғысуға бармыз деп сынай танытты, апта басында үш көпір қопарылды. Осының барлығының салдарынан Қазақстан мұнайының экспорты елу пайызға кемиді деп бір қатар агенттік болжам жариялады. Дейтұрғанмен, Аджариядағы текетірес бейбіт жолмен, ақылмен шешілді. Ал демократиялық жолмен билігі өзгерген Грузияның тәжірибесі, Михаил Саакашвилидің беделі одан сайын өсе түседі.
XS
SM
MD
LG