Accessibility links

Ирақта жоғалған ядролық заттар қайда кетті екен?


Халықаралық атом энергетика агенттігі Ирақтың бұрынғы ядролық кәсіпорындардағы шикізат пен арнаулы құрал-жабдықтар қолды болған, оның үстіне жағдайды бақылауға қолымыз қысқарған деп дабыл қағып отыр. Жоғалған заттар арам қолға түссе олардан заңсыз түрде ядролық бомбалар жасалуы мүмкін, - деп ескертеді Халықаралық атом энергетика агенттігі. Америка Құрама Штаттары және Ирақ уақытша үкіметі шарасыздық танытып келеді деп сын айтылды Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне жолданған хатта.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне дүйсенбі күні жолданған хатында Халықаралық атом энергетика агенттігінің директоры Мұхамед Эль-Барадей Ирақтың бұрынғы ядролық бағдарламасының кәсіпорындарында ядролық заттар кеңінен және анық жүйелі түрде ұрланған деп алаңдаушылық танытты. Жоғары дәрежелі құрал-жабдықтардың жоғалғаны Халықаралық атом энергетика агенттігіне жер серігінен алынған фотосүреттерден мәлім. Ал ұйымның өзі болса Ирақтан 2003 жылы наурыз айында соғыс алдында шығып кетті де, содан бері не Америка Құрама Штаттарының әкімшілігінен, не оның орнын басқан Ирақ уақытша үкіметінен бақылауды қайта орнатуға көмек таба алмай отыр.

Халықаралық атом энергетика агенттігінің өкілі Мелиссе Флеминг алаңдаушылығымыздың ауқымы кең, бұл аздаған ғана орында болып отырған қауіпті жағдай емес, үлкен мәселе, - деді, Қауіпсіздік кеңесіне жолданған хатты сипаттап:

- Мұнда бейбіт мақсатқа да, соғыс мақсатына да жұмсалатын құрал жабдық болды. Олар өнеркәсіпте пайдаланалуы мүмкін. Бірақ бұл құрал-жабдық арам қолға түссе – ядролық қару бағдарламасына жұмсалуы мүмкін.

АҚШ бастаған бірлестік 2003 жылы Ираққа кіргелі бері мұнда қарапайым талай әскери құрал-жабдық жоғалған. Олар Еуропа және Таяу Шығыста шығып жатыр. Ал қос мақсатқа пайдалыналатын құрал жабдықтардың орнын қадағалау Халықаралық атом энергетика агенттігіне қиынға соғып келеді. Аса мықты алюминий, электрондық дәнекерлеу аппараты сияқты құрал-жабдықтар ашық-шашық қалған қоймалардан жоғалып кеткен. Бұл заттар мен аппараттар қара базар арқылы террорлық топтарға не болмаса заңсыз ядролық өндіріспен айналысып отырған қандай да бір үкіметтің қолына түсуі мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының қарауындағы Халықаралық атом энергетика агенттігінің директоры Мұхамед Эль-Барадей бұрынғы ядролық кәсіпорындарды бақылау қазір Ирақ үкіметінің міндетінде дейді. Бірақ агенттік Ирақ соғысы басталғалы бері не АҚШ тағайындаған әкімшіліктен, не оның орнын басқан уақытша үкіметтен ешқандай бақылау мәліметін алмаған. Халықаралық атом энергетика агенттігінің өкілі Мелиссе Флеминг Ирақта бақылау жұмыстарын өзіміз жалғастыруға дайынбыз дейді:

- Бұл Қауіпсіздік кеңесінің құзырындағы шешім. Қауіпсіздік кеңесі осы жылдың маусым айында тиісті резолюцияны шығарып, Халықаралық атом энергетика агенттігінің мандатын және Біріккен Ұлттар Ұйымы қару инспекциясының мандатын қайта созамыз деген. Сондықтан Ираққа оралуға дайын екенімізді тағы бір рет айтқымыз келеді.

АҚШ қару инспекциясы болса Ирақта жойқын қару белгілерін таппадық деп өз баяндамасын өткен аптада жариялады. 2003 жылы наурыз айында АҚШ бастаған бірлестік Ираққа кіргенде елде химиялық не болмаса биологиялық қару болмаған, Ирақ ядролық қару бағдарламасын жандандыруға әрекет жасамаған, - деді АҚШ қару инспекциясы. Ядролық қаруы бар елдердің көбеюін АҚШ президенттіге кандидаттар Джордж Буш және Джон Керри басты қауіп деп көрсетіп отыр.
XS
SM
MD
LG