Accessibility links

Еуроодақ Израиль мен “Хезболлаһ” тобын атысты тоқтатуға шақырды


Еуропа Одағы Израиль мен Ливандағы соғысушы “Хезболлаһ” тобын тезарада атысты тоқтатуға шақырды. Еуроодақ сыртқы істер министрлері бұл мәлімдемесін дүйсенбі күні Брюссельдегі отырысында жасады. Ливанға барып қайтқан Еуроодақтың сыртқы саясат мәселелері бойынша басшысы Хавиер Солана ол елдегі қиратуларды “драмалы түрде” деп сипаттады.

Еуропа Одағы Израиль мен Ливан арасындағы жанжалға байланысты алаңдаушылық білдірді. Еуроодақ сыртқы істер министрлері әскери әрекеттерді тезарада тоқтатуға шақыратын декларацияны мақұлдады. Бұл құжатта “Хезболлаһ” тобы өткен аптада ұрланған Израиль жауынгерлерін дереу азат етуі керек, ал Израиль ұстамдылық сақтап “диспропорциялық әрекетке” бармауы тиіс делінген. Сонымен қатар бұл декларацияда Ливан үкіметі елдің егеменділігін қайта қалпына келтіруі керек деп айтылған.

Қазір Еуроодаққа төрағалық етуші Финляндия атынан сөйлеген осы елдің Сыртқы істер министрі Еркки Туомиоя Еуропа Одағы Израиль мен Ливан арасындағы жағдай одан сайын нашарлап кетуі мүмкін деп сескенеді деді.

“Ол жердегі жағдайға, атап айтқанда адамдардың қаза болып жатқандығына және тағы басқа жақтарына барлығымыз өте алаңдап отырмыз. Бұл жағдай тіпті ғаламдық қауіпсіздікке де әсер етуі мүмкін. Жанжалдың одан сайын шиеленісіп кету қауіпі бар. Біз тезарада барлық әскери әрекеттерді тоқтатуға шақырамыз”, – деді Туомиоя.

“Хезболлаһ” тобы Израиль басқыншылығымен күресу үшін 1980-ші жылы құрылған болатын. Бұл топты Сирия мен Иран елдері қолдауда деп айтылып келеді. “Хезболлаһ” күштері үкіметтің бақылауынан тыс жұмыс істейді.

Еуроодақтың сыртқы саясат мәселелері бойынша басшысы Хавиер Солана дүйсенбі күні Бейруттен қайтып келген болатын. Солана Израиль шабуылдарының салдарын “драмалы түрде” деп сипаттады.

“Өздеріңіз білесіздер, ол жердегі жағдай, яғни инфрақұрылымның маңызды элементтерінде болған қиратулар драмалы түрде”, - деді Солана.

Оның айтуынша, Израиль Бейруттің әуе жайын ғана қиратып қоймай, сонымен қатар ол елден шығатын көптеген жолдарды бомбалап тастаған.

Израиль соңғы күндері Ливандағы әскери операцияларын кеңейте түсті. Израильдің әскери ұшақтары сенбі және жексенбі күндері Ливан астанасы Бейрутке және Триполи мен Тир қалаларына әуеден соққы берді. Ондаған адам қаза тапты деп хабарланып отыр.

Ал “Хезболлаһ” соғысушылары Израильдің Хайфа қаласына зымырандық шабуыл жасап, кемінде 8 адамды өлтірді.

Брюссельдегі жиналыстан кейін Хавиер Солана Еуроодақ Ливан үкіметінің одан сайын әлсіреп кетуін қаламайды деп мәлімдеді. Ал Финляндия Сыртқы істер министрінің атап көрсетуінше, Еуропа елдерінің “мыңдаған” азаматы Ливаннан шыға алмай отыр. Оларға Израиль шабуылдарынан қауіп төніп тұр, деді Туомиоя. Өткен аптада Канада азаматтарының қаза болғандарын келтіре отырып, ол құрбандардың орнында Еуропалықтардың да болуы әбден ықтимал еді деді Туомиоя. Оның айтуынша, Еуроодақ өзінің азаматтарын көшіретін кемелер мен ұшақтардың қауіпсіздігіне Израиль кепілдік береді деп сенеді. Финляндия сыртқы істер министрі сондай-ақ бұл жанжалды әскери әрекеттермен шешуге болмайды деді.

“Біз Таяу Шығыстағы кез келген бейбітшілікті қолдаймыз, бірақ ол үшін барлық жақтар қауіпсіз келешекке ұмтылуы керек. Ал қазір бұл әрекет жеткілікті болмай тұр”, - деді Туомиоя.

Оның айтуынша, Еуропа Одағы құрамында АҚШ, БҰҰ, Ресей және Еуроодақ болған Таяу Шығыс “Квартетін” қолдайды. Ал “Еуроодақ Ливанның оңтүстігіне бітімгершілік күштерін жіберуге дайын ба?” деген сұраққа Финляндия сыртқы істер министрі бұл “БҰҰ-ның мәселесі” деп жауап берді. Егер “сондай жағдайлар болып жатса”, Еуроодаққа мүше елдер бітімгершілік операцияларына қатысуға дайын тұрады деді Туомиоя.
XS
SM
MD
LG