Accessibility links

Қазанның 2-сі – халықаралық Хабитат немесе баспана күні


Баспана мәселесі мен онда өмір сүру жағдайы осыдан 30 жыл бұрын Ванкувердегі БҰҰ-ның қоныстанудың тұрақты дамуына арналған бірінші конференциясында әлемдік деңгейде көтерілген. Ал 1985-ші жылы БҰҰ-ның Бас ассемблеясы осы мәселеге әлемдік қауымдастықтың назарын аудару үшін халықаралық "Хабитат" (яғни, ағылшын тілінен алғанда "тұрғын үй жағдайы") күнін жариялады. Ал Қазақстанда, оның ішінде, ірі мегаполстердің бірі - Алматыда баспана мәселесін кім қалай шешуде?

Қазанның 2-сі күні Алматы қалалық әкімшілігінің есігін кезекті мәрте ашқан алматылық Айгүл Тәңірбергенова өзінің жарымжан қызымен баспананың кезегінде тұрғанына 16 жылдан асты.

- Биылғы ақпан айында Алматы қаласының әкімі мүгедек балалары бар отбасыларына пәтер беру туралы шешім шығарған болатын. Бүгін соның мән-жайын білемін. Мүгедек балалары бар 13 отбасына «пәтер берілсін» деген Тасмағамбетовтен алған қағазымыз бар. Бірақ, әлі ешкім үй алған жоқ. Ақылы үй алатындардың өздері іліге алмай жатыр, біздікі тегін. Сондықтан, бізді қайтсін?! Ал мүгедек балалар, арбамен жүретін жарымжандар ата-аналарымен пәтерден пәтерге көшіп жүр. Басқа не істейді? Ауылға барайын десе, онда науқас балаларды қарауға мүмкіндік жоқ. Сосын осы жақта жүреді пәтер жалдап. Кезек келмей, сол күйі о дүниелік болған балалар қаншама? Заң жоқ. Бірінші кезектегі кезекте 80 жыл ма, 100 жыл ма тұрасың. Ол – сенің мәселең! – дейді күйіне сөйлеген Айгүл Тәңірбергенова.

Жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрып жатқан жоғарғы оқу орындарының оқытушысы Гүлнар Асанова мемлекеттік ипотека арқылы баспаналы болғысы келеді. Бірақ құжаттарын былтырғы жылдың басында өткізгенімен, әлі пәтерге қолын жеткізе алмай жүр. Себебі, пара беріп, тізімге көлденең еніп кететіндер көп дейді Гүлнар:

- Тізімдегі кезегі жылжу үшін «500 жоллар, 1 мың жоллар бердік» деген әңгіме айтылды таныстардың арасында...

Жалпы, қазіргі қолданыстағы мемлекеттік ипотекалық жүйе өзін ақтаған жоқ, бұл тек банктердің елді тонауы ғана дейді Республикалық «Апта.кз» газетінің бас редакторы Серғазы Мұхтарбеков:

- Мысалы, Сингапурда үй салатын болса, шет жерден әлеуметтік үй салуды қоса міндеттейді екен. Ал бізде ондай жоспар жоқ. Орталықтағы ең қымбат, шұрайлы жерлерді жасырын тендерлерде алып кетіп отырған. Ал біздің тұрғын үй құқығымыздың сақталғаны қайда? Элиталы үйде тұрмай-ақ қояйын, сол әлеуметтік үйде тұрар едім 5 баланың әкесі ретінде. Бірақ оны маған бермейді ғой. Қалалық әкімшілік өз сөзін сөйлейтін, жақын жүрген басылымдардың журналистерін үймен қамтамасыз етеді. Менің қарамағымда істеп отырған тәуелсіз журналистердің олардан қай жері кем?! Олар да Қазақстан азаматтары емес пе?

Егер Қазақстанда баспана мәселесі жуық арада дұрыс шешім таппаса, онда бұл ушығып, әрі қарай да әлеуметтік қақтығыстарға әкелуі ықтимал дейді «Шаңыраққа тірек» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дос Көшім:

- Оның салдарын біз қазір көріп отырмыз. Ол – биыл жазда Шаңырақтағы болған қақтығыс. Мысалы, Алматыға жылына 40 мың адам келеді екен. Ол жыл сайын көбейе түсетіні айдан анық. «Шаңырақ», «Әйгерім», «Бақайдағы» биылғы жағдай – тек бастамасы ғана. Тағы басқа облыстарда да осындай жағдай орын алып келе жатыр. Көп жерде оны айтпауға тырысады. Бірақ, үндемей отырғанмен одан қашып құтыла алмайды.

Алайда, Алматы қалалық әкімшілігінің тұрғын үй басқарма бастығының орынбасары Қажымұрат Дүйсенов тұрғын үй алуда тең құқық сақталады, дегенмен, ең алдымен үйсіз жүрген жастардың баспаналы болуға мүмкіндіктері бар дейді:

- Жас отбасылар бірінші жеңілдікпен кетеді. Жасы 29-ға толмаған, үйленгендер 1 бөлмелі пәтер ала алады. Бірақ, бірінші бюджеттегілер, қаладағы мемлекеттік қызметкерлер, нашар қамтылған отбасылар алады.

Қазақстан үкіметі қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2005-2007 жылдарға есептелген мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып жатқанын айтып отыр. Осы мақсатқа бюджет есебінен 150 миллиард теңге жұмсау жоспарланған. Ал «Шаңыраққа тірек» қоғамдық ұйымының мәліметтеріне қарағанда, 2 миллионға жуық халқы бар Алматы қаласының бір өзінде ғана 20 пайызға жуық тұрғын баспана мәселесін шеше алмай отыр.
XS
SM
MD
LG