Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.17.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларына тиесілі жерлер сенімхат арқылы арнайы жасақтың бұрынғы сарбазы Виталий Пискуновтың атына аударылғаны туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің барлығы дерлік Конституцияға енгізілетін өзгерістерді талқылауға ден қойып отыр.

«Нұрбанктің» бұрынғы басшылары жоғалып кеткеннен кейін де олардың атынан бірнеше құжат жасалғаны туралы мақала «Время» газетінде жарық көріп отыр. «Мемлекеттік мекемелердің бірінен біз осы мәселеге қатысы бар құжаттарды тауып алдық. Осы қағаздар арқылы Темірәлиев және Хасенов жоғалып кеткеннен кейін, сондай-ақ Ғилымов абақтыда отырған мерзімде олардың атынан аталған кісілердің меншігіне қатысты бірқатар құжаттар жасалынғандығы белгілі болды» делінген мақалада. «Ал осы іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған Виталий Пискунов 2007 жылғы ақпан айының ортасында Алматы маңындағы жер телімдерін пайдалану туралы Ғилымов, Темірәлиев және Хасеновтерден сенімхат алған. Қолда бар құжаттарға қарағанда, әрбір жер телімі 2-4 гектар шамасында. Ол жерлердің әрбір соттығының бағасы 50 мың доллардан кем емес» деп жазды «Время» газеті. Сонымен қатар, мақала авторы сөз болып отырған сенімхат негізінде Пискунов бұл жерлерді өзі қалаған бағаға сатуға құқылы екендігін атап көрсеткен. «Құжаттардың барлығы нотариуспен бекітіліп, мемлекеттік органдардың тіркеуінен өткен. Яғни, бұл істі айғақтайтын куәгерлер де жетерлік. Ал «Нұрбанктің» бұрынғы қызметкерлері өз меншіктерін Пискуновтың атына қалай рәсімдеп берген деген сұрақтың екі жауабы бар. Ғилымов, Темірәлиев және Хасеновтердің жеке таңбасы қолдан жасалынған. Немесе құжаттарға қойылған қолдар өз иелерінікі. Сонда Темірәлиев пен Хасеновты кім ұрлап әкеткені белгілі болады. Қазақстанда осындай ақылға сыймайтын әрекеттерді жасай алайтын адамдар саусақпен санарлықтай. Оларды барлығы біледі. Бірақ қолмен көрсетуге ұялады. Немесе қорқады...» деп түйіндейді «Время» газеті.

Бұл уақытта Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын Парламент депутаттары бірінші оқылымда мақұлдағандығына жергілікті газеттердің барлығы дерлік мән беріп өтіпті. Осы тақырып төңірегінде «Айқын» газеті былай деп жазды: «Қолға алын¬ған конституциялық реформаның ең маңызды бетбұрысы – Қа¬зақстанның Президенттік басқару жүйе¬сінен Президенттік-Парла¬мент¬тік басқару жүйесіне ауысуы болып отыр. Мұ¬ның сыртында Президенттің бас¬қару мерзімін 7 жылдан 5 жылға қысқарту ұсынылды». Сонымен қатар, мақала авторы бұл реформа 2012 жылдан кейін жүзеге асырыла бастайтындығын атап көрсеткен. «Осылайша, «беташары» өтіп, депутаттардың назарына ұсынылған конституциялық ре¬фор¬маның тұжырымдамасы алғаш¬қы оқылымда мақұлданды. Енді екінші оқылымда жаңа тұр¬патты Конституция 18 мамыр күні қаралмақ» деп жазды «Айқын» газеті.

«Литер» газеті болса саяси реформалар бойынша Парламенттің құрамы қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздепті. «Парламент мәжілісінің сайлауы партиялық тізім бойынша өтеді деп мәлімдеді президент. Және мәжіліс депутаттарының саны 30 адамға көбейеді. Ал сенат депутаттарының құрамына қатысты президент квотасы 15 адамға өсіріледі» делінген мақалада. «Сонымен қатар, 9 орын Қазақстан халықтары ассамблеясының өкілдеріне тиесілі болмақ. Президенттің пікірінше, бұл Қазақстандағы этностардың мүддесін ескеру үшін қажет» деп жазды «Литер» газеті.

Ал енді қазіргі депутаттық құрам таратыла ма деген мәселені «Экспресс К» газеті көтеріп отыр. «Бұл сұрақ төңірегінде ресми жауап болған жоқ. Және ол туралы айтылмады да» делінген мақалада. «Сонымен қатар, көршілікті саяси реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірқатар ұсыныстары ескерусіз қалғандығы алаңдатып отыр. Мәселен, аталған комиссияда партиялық тізім бойынша мәжіліске өту деңгейін жетіден бес пайызға дейін түсіру туралы айтылған болатын. Президент әкімшілігінің басшысы Оңалсын Жұмабековтың пікірінше, елдің қазіргі дамуы кезінде жеті пайызды сақтау маңызды. Болашақта бұл көрсеткіш өзгертілуі мүмкін» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.

Саяси реформаларға қатысты көпшіліктің пікірі «Егемен Қазақстан» газетінде қамтылыпты. «Мәжіліс депутаты Тоқтар Әубәкіров сөз болып отырған өзгерістерді Парламент қабылдап, Президент қол қойғаннан кейін Мәжіліс депутаттары заң бойынша жұмыс істеуге құқылары жоқ деп есептейді. Әлихан Байменов болса аса зұлымдықпен жасалған террористік қылмысқа ғана өлім жазасын қолдануды қолдайтындығын білдірген. Мұхтар Шаханов бұдан былай сайлау да, билікке келу де партиялық негізге құрылатындығын құптап отыр» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.
XS
SM
MD
LG