Accessibility links

Ақбұлақтағы атысқа байланысты екі қылмыстық іс қозғалды


Ақбұлақта атыс болған үйдің маңы. Алматы, 21 қыркүйек 2021 жыл.
Ақбұлақта атыс болған үйдің маңы. Алматы, 21 қыркүйек 2021 жыл.

Дүйсенбі кешке Алматы түбіндегі Ақбұлақ ықшамауданында болған атысқа байланысты "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов хабарлады.

20 қыркүйекте Ақбұлақта Д. есімді азамат үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне оқ атқан. Атыстан бес адам - екі полиция қызметкері, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза болған.

Алматы полициясының айтуынша, оқ атқан адам тергеліп жатыр. Онда 2008 жылдан бері тіркелген аңшы қаруы болған. Сейсенбі күні брифинг кезінде "полицейлер табельді қаруларын неге қолданбаған?" деген сұрақ қойылды. Полиция бастығы "оның бәрі тергеу кезінде анықталады" деп жауап берді.

Атыс кезінде қаза болған 1982 жылы туған Алатау аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Дархан Сүлеевтің артында кәмелетке толмаған бес баласы, екінші полицей – 1988 жылы туған учаскелік инспектор Нұрбол Байғазиевтің артында кәмелетке толмаған екі баласы қалған.

Жергілікті БАҚ Алматының түбіндегі Ақбұлақ ықшамауданында болған атысқа не түрткі болғаны жайлы түрлі болжам жазды. Orda.kz сайтының хабарлауынша, оқ атқан 54 жастағы адам бірнеше жыл бұрын банктен кредит алып, жылжымайтын мүліктерін кепілдік ретінде қойған. Кейін төлей алмағаннан соң банк әуелі кепілге қойған үй-жайы бар жер телімін тәркілеген. Содан соң оны жалғыз баспанасынан айырып, аукцион арқылы басқа адамға сатқан. Кепілге қойылған жер телімі бастапқыда 184 млн теңге деп бағаланған, бірақ қайта бағаланғаннан кейін құны екі есеге төмендеп, оқ атқан адамның банк алдындағы қарызы еселеп өскен.

Сейсенбі күні брифинг кезінде "банктің әрекетіне байланысты тергеу жүргізіле ме? Кепілдікке қойылған мүлік құнының екі есе арзан бағалануына ықпал еткен қызметкерлерге іс қозғала ма?" деген сұрақ қойылды. Полиция бастығы Қанат Таймерденов "оны ведомствоаралық топ анықтайды" деп жауап берді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Ақбұлақ ықшамауданында атыс болған үйді 21 қыркүйекте таңертең полицейлер күзетіп, тұйық көшені жапқан. Көше тұрғындары журналистермен сөйлесуге ықылассыз болған.

Жаңалықты әзірлеуге Манас Қайыртайұлы қатысты

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG