Accessibility links

Қостанайлық құқық қорғаушыларға ноутбуктерін қайтарды


Құқық қорғаушыларға ноутбуктері қайтарылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:18 0:00

ВИДЕО: Құқық қорғаушыларға ноутбуктері қайтарылды (орыс тілінде)

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай филиалы кеңсесінен ұрланған екі ноутбук табылып, иелеріне қайтарылды. Полиция «кәдімгі ұрлық болған» дейді.

Қостанай қаласы полициясының тергеушісі, аға лейтенант Евгения Колотыгинаның айтуынша, Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай филиалы кеңсесінен екі ноутбукты ұрлау ісіне қатысты тергеу амалдары аяқталған. Филиал басшысы Анастасия Миллер бұл оқиғаның жабылғанын айтады.

«​ТЕРЕЗЕ АРҚЫЛЫ КІРГЕН»​

Демалыс күндерінің бірінде Қазақстандағы адам құқығы бюросы Қостанай филиалы кеңсесі тоналып, біреулер терезені сындырып, кеңсеге кіріп, екі ноутбукты алып кеткені туралы Азаттық шілде айында жазған еді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен тергеуші, полиция аға лейтенанты Евгения Колотыгина бір ноутбук шілденің 22-сі күні табылғанын айтты.

— Ал екінші ноутбукты шілденің 25-сі тауып, 28-і күні қылмыстық істі прокуратураға жолдағанбыз, - дейді тергеуші.

Евгения Колотыгина полицейлер ұрланған заттар сатылатын күмәнді орындарды білетінін айтады. Ұрланған ноутбуктердің сатуға түскені анықталғаннан кейін полицейлер «тізбекті біртіндеп тарқата отырып, күдіктіні анықтаған».

Қазір заттай айғақтар – екі ноутбукты қолхат алып, кеңсеге қайтардық.
Тергеуші Колотыгина.

Тергеуші Колотыгинаның айтуынша, бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталып, түрмеден шартты жазамен ерте босаған бұрынғы тұтқын күдікке ілінген. Ол наркологиялық диспансер есебінде тұр. Оған «ұрлық жасады» деген айып тағылған, бірақ ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан. Тергеуші оның сот отырысын күтіп жүргенін айтады.

— Қазір заттай айғақтар – екі ноутбукты қолхат алып, кеңсеге қайтардық, - дейді тергеуші Колотыгина.

Тергеушінің айтуынша, бұл кәдімгі ұрлық болған. Айыпталушы «ноутбуктерді ашпастан алыпсатарларға дереу сатып жібердім» деген түсініктеме берген. Олар да ноутбуктерді ашпастан сатуға шығарған.

«ИНЦИДЕНТ ЖАБЫЛДЫ»

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай филиалы директоры Анастасия Миллер кеңсе тоналған күні іссапарда болған. Facebook желісіндегі парақшасында ол «Түнде Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай филиалы тоналды, белгісіз біреулер терезені сындырып, кеңсеге кірген... қазір не жоғалғанын анықтауға тырысып жатырмыз, өйткені құжаттарды ақтарғандары анық...» деп жазған.

Кейінірек Азаттыққа берген комментариінде Анастасия Миллер «құжаттар жоғалуы мүмкін» деген бұрынғы күмәні сейілгенін айтты. Ноутбуктер жоғалған кезде «тонаушылар компьютерлерді ішіндегі ақпарат үшін ұрлауы мүмкін» деген болжам жасалған. «Әлгі ноутбуктерде қандай маңызды ақпараттар сақталған еді?» деген сұраққа Анастасия Миллер «Ноутбуктың бірі - мүлде жаңа, ішінде ешқандай ақпарат жоқ. Екінші ноутбук азаматтығы жоқ адамдармен жүргізілген жұмысқа арналған, бірақ оның ішінде де онша көп дербес ақпарат жоқ болатын» деп жауап берді.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай филиалы директоры Анастасия Миллер. Алматы, 2 желтоқсан 2014 жыл
Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай филиалы директоры Анастасия Миллер. Алматы, 2 желтоқсан 2014 жыл

Құқық қорғаушы Анастасия Миллер өзі басқаратын филиал Қазақстандағы жетекші әрі талай жылдан бері билікке қолайсыздық тудырған құқық қорғау ұйым болды деп есептейді. Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай филиалының көмегімен талай азамат БҰҰ-ның азаптауға қарсы және адам құқығы комитеттеріне шағымданып, кейін БҰҰ комитеттерінің шешімі негізінде мемлекеттік органдардан өтемақы өндіртіп алған.

— БҰҰ комитеттерінде қаралған 12 істің тоғызын біздің ұйым заңгерлері әзірлеген, - дейді Анастасия Миллер.

Қазір ұрлыққа қатысты іс сотқа жіберіліп, ноутбуктер құқық қорғау ұйымына қайтарылғандықтан, Анастасия Миллер бұл оқиға жабылды деп санайды. Бірақ оның айтуынша, кеңседен ноутбуктермен бірге ұрланған қуаттандыру құрылғысы әлі қайтарылмаған.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай филиалы кеңсесі 2004 жылы ашылып, қалада жеке ғимаратта орналасқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG