Accessibility links

АҚШ-та "терроршыларға байқамай ақша аударған" қазақстандық сотталды


Қарағанды тұрғыны Дельфуза Абдрисова. (YouTube видеосынан алынған скриншот
Қарағанды тұрғыны Дельфуза Абдрисова. (YouTube видеосынан алынған скриншот

Баласын АҚШ-та емдетпек болған қарағандылық әйел "алдап-арбауға ұшырап, сириялық терроршыларға 7,5 мың АҚШ доллар көлемінде ақша аударғасын" істі болған.

Желтоқсанның 11-і күні Лос-Анджелестің федералдық соты Қазақстан азаматы Дельфуза Абдрисованы жергілікті құқық қорғау органдарына жалған куәлік бергені үшін алты айға қамағаны туралы ақпарат тарады.

Ресейлік ИТАР-ТАСС агенттігінің жазуынша, айыпталушы сириялық содырларға 7,5 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат құйған. Бірақ адвокатының айтуынша, ол мұны әдейі істемеген және сотта оның алаяқтар құрбаны болғаны анықталып, оны тек жалған куә бергені үшін ғана жазалаған.

Тамыз айында қамауға алынған Абдрисова келесі жылы ақпан айында босатылып, Қазақстанға депортацияланады.

ИТАР-ТАСС-тың жазуынша, 38 жастағы Қарағанды тұрғыны Дельфуза Абдрисова Лос-Анджелеске денесінің 70 пайызын күйік шалған бес жасар қызы Әсияны емдету үшін бір жыл бұрын барған. Оның емін, жол шығындарының барлығын АҚШ-тағы қайырымдылық қорларының бірі қаржыландырып өтеген.
Дельфуза Абдрисова Лос-Анджелеске денесінің 70 пайызын күйік шалған бес жасар қызы Әсияны емдету үшін бір жыл бұрын барған.

АҚШ-қа келген Абдрисова ағылшын тілін білмегендіктен әлеуметтік желілер арқылы орыстілді азаматтарды іздеп, ТМД-дағы орыстілді мұсылмандармен байланыс орната бастаған.

«Жиі хат алмасқаннан кейін олар (орыстілді мұсылмандар - ред.) оны химиялық қару-жарақтан зардап шеккен сириялық балаларға көмектесуге шақырған. Әйелге шетінеп кеткен және мүгедек болып қалған балалардың бейнесі сияқты қатты эмоция туғызатын суреттерді жіберген. "Алла ризалығы үшін" деп бар қаражатын беруді өтінген. Сол үшін "арғы дүниеде сый алатынын" айтқан. Осылайша алдап-арбаушылар Дельфузаның АҚШ-қа баруы үшін Қазақстандағы отбасы жинап берген ақшасын аудартқызып алған» дейді оның заңгері Алексей Тарасов ИТАР-ТАСС-қа.

Күмәнді есепшотты анықтаған АҚШ-тың құқық қорғау органдары оны бірнеше мәрте көші-қон қызметіне шақырып тергеген. Ресми сот материалдарына сәйкес Абдрисова тергеу амалдары кезінде әлдекімге ақша аударғанын мүлдем жоққа шығарып, құқық қорғау органдарын шатастырған.
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Адвокатының айтуынша, АҚШ соты оның көп балалы ана екенін ескеріп жазасын барынша жұмсартып, алты айға қамау туралы шешім шығарған.

Соттың болғанын айыпталушының күйеуі Қайырбек Сұлтанұлы Азаттық тілшісіне растады. Бірақ "жағдайдың ушығып кетуінен қауіптенетінін" айтып, сөйлесуден бас тартты.

- Ол жерде көп сот болды ғой. Соңғысы дүйсенбі күні (желтоқсанның 9-ы күні - ред.) аяқталды. Басқа ештеңе айта алмаймын, әрі айтқым да келмейді, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Калифорния штатының орталық аудандық сотының сайтында да Абдрисоваға тағылған айыптар туралы құжаттар жарияланған.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұған қатысты Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінен мәлімет алдырып жатқанын хабарлады.

АҚШ-қа бармастан бұрын 2012 жылы Қазақстанда Дельфуза Абдрисованың төрт жасар қызы Әсия Сұлтанованың операциясы үшін ақша жинау көмек акциясы ұйымдастырылған болатын. Денсаулық сақтау министрлігінен емдетуге квота сұраған отбасы квота берілгенше қызының операциясы кешігетінін айтып, көптен қаржылай көмек сұраған.

Адвокат Алексей Тарасовтың айтуынша, Әсияны АҚШ дәрігерлері ойдағыдай емдеп шығыпты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG